ЕЛОРДАЛЫҚ «ВАЙНАХ» ХАЛЫҚТЫҚ АНСАМБЛІ ЖЕКЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІН ӨТКІЗДІ

20 маусым күні «Астана» концерт залында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының «Вайнах» халықтық ансамблі Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қайырымдылық жеке концертін өткізді.

Биыл балалар жылына арналған қайырымдылық концерті емделуге мұқтаж балаларға қаржылай көмек көрсетуге бағытталған.

«Бүгін, соңғы жылдар аралығында атқарылған істерді қорытындылай отырып, Репрессия жылдары бізді бауырына басып, бір үзім нанды бізбен бөлісіп, екінші Отан сыйлаған қазақ халқына, Сарыарқа даласына рахметімізді айтамыз. Кеш сол тарихты ұмытпау, құрметтеуге арналып отыр», – деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрметті төрағасы Салман Героев.

Кеш барысында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін шешен-ингуш этномәдени орталығының шығармашылық ұжымы қазақ тілінде ән айтып, тамаша концерттік-ойын-сауық бағдарламасын ұсынды, сондай-ақ вокалдық-хореографиялық және аспаптық туындылардың бірегей қойылымдарын көрсетті.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын іске асыру, тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту, елдің мәдениетаралық жетістіктерін жан-жақты таныстыру, Қазақстанда тұратын этностардың салт-дәстүрлеріне және мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Мерекеге елордалық Ассамблея мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар және елорда тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, 2021 жылы «Қайырымды істер марафоны»,                                «30 қайырымды іс» акциялары аясында жалпы сомасы 36 млн.теңгеге                      55 қайырымдылық акциясы өткізілсе, ағымдағы жылдың басынан бері                   11 қайырымдылық акциясы өткізіліп, жалпы сомасы 11 млн. 200 мың теңгеге 3000 отбасына көмек көрсетілді.

Бұған дейін елордалық Ассамблея еріктілері «Жылы жүрек, ізгі тілектер!» акциясы аясында емделуге мұқтаж балалардың еміне қаржылай көмек көрсеткен болатын.

You may also like...