Қырғызстан делегациясы елордалық Достық үйінде болды

Елімізге ресми сапармен келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев бастаған қырғызстандық делегация Достық үйінде қонақта болды.

Алдымен қадірменді меймандар Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені және арнайы ұйымдастырылған экскурсияны тамашалады. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, құрылымның қызметімен танысты.

Одан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Сенат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысқан дөңгелек үстел барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.

Кездесу барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев екі халықтың достығы мен бауырластығын нығайтуда тарихи, рухани, мәдени-әдеби байланыстардың орны бөлек екенін атап өтті.

Өз кезегінде Жогорку Кенеш Төрағасы бауырлас екі халықтың мәдени және рухани байланысын одан әрі нығайтуға қырғыз тарапы да мүдделі екенін жеткізді.

You may also like...