Астанада корей этномәдени бірлестігінің қайырымдылық концерті өтті
15 желтоқсан күні елордалық Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына, корей ұлтының Қазақстанға қоныстанғанына 85 жыл толуына орай Астана қаласындағы корей этномәдени бірлестігі шығармашылық ұжымдарының қайырымдылық концерті өтті.
Шараның басты мақсаты – тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту, еліміздің мәдениетаралық жетістіктерін жан-жақты таныстыру, Қазақстанда тұратын этностардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Кеш қонақтарының арасында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Ку Хонг-Сок, қалалық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов және оның орынбасары Ләззат Құсайынова болды.
Мерекелік кештің шымылдығын басқарма басшысы Дәурен Бабамұратов құттықтау сөзімен ашып, бүгінде Астана қаласының өзінде 7 мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын жеткізді.
Өз кезегінде Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Ку Хонг-Сок екі ел арасындағы қатынастар стратегиялық бағытта дамып келетіндігін атап өтіп, болашақта осы серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Айта кетейік, көрермендерге халықаралық байқаулардың лауреаттары «ART MUSIC» тобының, халықаралық байқаулардың лауреаты, Мәскеу камералық филармониясының және Нью-Йорк қаласының «Жаңа дәуір- жаңа есімдері» жобасының солисі Тен Илонаның, сондай-ақ «Сальмунори» барабаншылар тобының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қайырымдылық концерттен жиналған қаржы қиын өмірлік жағдайға тап болған еңбек ардагерінің игілігіне жұмсалады.