Мәжіліс депутаты елордалық мектеп директорларымен кездесті
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Ли қаладағы жалпы білім беретін мектеп директорларымен кездесті.
Парламент Мәжілісінің депутаты С.Сейфуллин атындағы № 80 мектеп-гимназиясымен танысты. Гимназия директоры Гүлмира Жәрменова білім ошағының бүгінгі жай-күйін баяндай отыра, атқарылып жатқан жұмыс барысын таныстырды.
Кездесу барысында Юрий Виссарионович Парламент Мәжілісіндегі ҚХА тобының қызметі туралы жалпы ақпаратты жеткізе отырып, интернет-алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын іске асыру жөнінде және «Стоп-коллектор» жобасы бойынша кеңірет тоқталып өтті.
Депутат сондай-ақ, оның әріптестері депутаттық сауалдарда білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі, экология және тағы да басқа мәселелерді көтергенін атап өтті.
Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, балаларды заңдар мен еңбек адамдарына құрмет көрсетуге тәрбиелеу жөнінде пікір алмасты.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігін нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.