(KAZ) АСТАНАДА Ш.АЙТМАТОВТЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін елордалық Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бірлесе ұйымдастыруымен Ш.Айтматовтың 95 жылдығына орай «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық конференция өтті.
Елордалық қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов модераторлық еткен іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Қырғыз, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері, ҚХА мүшелері және онлайн – форматта шетелдік спикерлер қатысты.
Жиында заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы мен өнегеге толы ғұмыры жайлы кеңінен айтылып, жазушының шығармаларын одан әрі насихаттау үшін өткізілуі тиіс іс-шаралар талқыланды.
Сондай-ақ алқалы жиын аясында белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы бойынша эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шара бағдарламасына сәйкес қонақтар Астана қаласының Достық үйінде ҚХА және ЭМБ қызметімен танысты. Ал іс-шара қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан Елшілерге ТҮРКСОЙ-дың мерейтойлық медальдары табысталды.