Елордадағы Достық үйінде «Әлеуметтік және этносаралық жанжалдарды реттеудегі медиацияның рөлі»…

Елордадағы Достық үйінде «Әлеуметтік және этносаралық жанжалдарды реттеудегі медиацияның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

«Достық үйінде этномедиация орталығы жұмыс істейді. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің кәсіби және қоғамдық медиаторлары кіреді. Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу бағытында жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл қоғамда сенім мен өзара түсіністікке негізделген тұрақты орта қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Қазақстан халқы ассамблеясы Астана қалалық этномедиация орталығының үйлестірушісі Роза Бекішева.

Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария және басқа да елдерден келген жетекші ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияның модераторы Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық этномедиация кеңесінің төрағасы Сымбат Шакиров болды.

Іс-шара қатысушыларының алдында құттықтау сөз сөйлеген Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова медиация институтын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол ассамблеяның этносаралық диалог пен сенім мәдениетін қалыптастыратын маңызды алаң екенін жеткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Полатов өз баяндамасында медиацияның құқықтық, мәдени және психологиялық тәсілдерді біріктіре отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

You may also like...