Сингапур Президенті елордалық Достық үйінде болды

Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб бастаған шетелдік делегация елордалық Достық үйінде қонақта болды.

Мәртебелі қонақтарды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ ҚХА өкілдері қарсы алды.
Кездесудің салтанатты рәсімінен кейін қонақтарға «Аналар аманаты» залы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Ал дөңгелек үстел барысында М. Әзілханов қонақтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметімен таныстырып, оның құрылымдық бөлімшелері жайлы баяндап берді.
Сонымен бірге кездесу аясында халық дипломатиясы мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйінің кейбір аспектілері талқыланып, этносаралық келісім, азаматтық бейбітшілік, екі ел халықтарының гуманитарлық байланыстарын дамыту шаралары қарастырылды.

Іс –шара соңында делегация қатысушылары этномәдени бірлестіктердің кабинеттерін аралап, олардың жұмысымен танысты.

You may also like...